Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамыту және фермерлерді қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселесі көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шаруаларды ұзақ мерзімді инвестициялық қаражатпен қамтамасыз ететін тиімді жүйе қалыптастыруды тапсырды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz».
Президенттің айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығы саласы шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жеткен. Ал жеңілдетілген шарттармен берілетін қаржыландыру көлемі бір жыл ішінде 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайған.
Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті шығындар мен айналым қаражатын толықтыруға жұмсалып отыр. Бұл шаруалардың өндірісті кеңейтуге және жаңа жобаларды жүзеге асыруға қажетті қаржыны ұзақ мерзімге жоспарлауына кедергі келтіруі мүмкін.
«Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек. Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін қаржының қолжетімділігімен қатар, оны тиімді пайдалану тетіктерін де жетілдіру қажеттігін атап өтті. Ұзақ мерзімді қаржыландыру фермерлерге өндірісті жаңғыртуға, техника сатып алуға және шаруашылықтарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Үкімет алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – шаруалардың маусымдық шығындарын өтеумен шектелмей, олардың ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларын қолдауға бағытталған қаржыландыру жүйесін қалыптастыру.

