Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді өркендетуде ірі қалалардың маңызы зор екенін атап өтіп, олардың орта және ұзақ мерзімді даму жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын жасап, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру қажеттігін айтты, – деп хабарлайды «Korday24news.kz».

Президент ауыл-аймақтарды дамыту мәселесі әрдайым назарда болатынын жеткізді. Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартумен қатар, экономиканың, білім мен технологияның негізгі орталығы саналатын қалалардың әлеуетін арттыру да маңызды.

«Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қала ресурстарын тиімді басқару үшін Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, инфрақұрылымның цифрлық сыңарын әзірлеуді тапсырды. Бұл қаланың тыныс-тіршілігін жүйелі жоспарлауға, инфрақұрылымның жай-күйін бақылауға және басқару шешімдерін тиімді қабылдауға мүмкіндік береді.

Президент қалалардың қауіпсіздігіне, тұрғындарға қолайлылығына және көрікті келбетіне басымдық беру керектігін де айтты. Оның сөзінше, бұл талап «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасының мақсаттарымен үндеседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев қалалардың қарқынды дамуы тұтас өңірдің экономикасына және адами әлеуетіне тікелей ықпал ететінін атап өтті. Сондықтан ірі қалаларды жүйелі дамыту елдің тұрақты өркендеуінің маңызды бағыттарының бірі саналады.