Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге ресми сапармен келген Иордан Хашимит Корольдігінің Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейннің кездесуі өтті. Мемлекет басшылары екіжақты байланысты нығайту, сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту және өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Мәртебелі мейманды қарсы алу рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Иорданияның мемлекеттік туларын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен ІІ Абдалла ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының рапортынан соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Келіссөз барысында Президент Иорданияны араб әлеміндегі сенімді серіктес ретінде атап, соңғы жылдары екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара ықпалдастықтың жандана түскенін айтты. Оның сөзінше, былтырғы өзара сапарлар екіжақты қатынастардың дамуына айрықша серпін берген.
«Біз арамызда орнаған түрлі деңгейдегі берік саяси диалогты жоғары бағалаймыз. Былтыр екіжақты қарым-қатынас үшін ерекше кезең болды, бір-бірімізге сапармен бардық. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды, сондай-ақ министрліктеріміз бен ведомстволарымыздың және іскерлік орта өкілдерінің арасында көптеген құжатқа қол қойылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті. Экономикалық байланыс екі ел ынтымақтастығының негізгі тірегі болып қала бермек. Сонымен қатар академиялық және ғылыми әріптестікті нығайту, туризмді дамыту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту бағытында да мүмкіндік мол.
Президент Иорданияның халықаралық аренадағы ұстанымына тоқталып, Король ІІ Абдалланың бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақстанның он жылдан астам уақыт бұрын басталған Ақаба процесіне қолдау білдіретінін жеткізді.
– Сессия бүгінде аса өзекті саналатын жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік тақырыбына арналып отыр. Саммит Орталық Азия өңірінің ұстанымын білдіріп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі бірлескен күш-жігерімізге тың серпін сыйлайтынына сенімдімін, – деді Президент.
Өз кезегінде Иордания Королі ІІ Абдалла жылы қабылдау үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Иорданияны тарихи байланыс, өзара құрмет және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолындағы ортақ ұстаным жақындастыратынын атап өтті.
– Біз қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі өрбітіп, сауда, инвестиция, туризм, технология және қорғаныс секілді негізгі бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз, – деді ІІ Абдалла.
Король Ақаба процесі аясындағы кездесулердің жаңа кезеңін бірлесіп ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бағыттарында Қазақстанмен ықпалдастықты арттыруға мүдделі екенін растады.
