Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының базасында өңірде алғаш рет Құзыреттер орталығы ашылды. Жаңа медициналық мекеме созылмалы және сирек кездесетін аурулары бар науқастарға мамандандырылған көмек көрсетуге, дертті ерте анықтап, асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді. Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Ембергенұлы қатысты, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Жаңа орталықта қант диабетімен ауыратын науқастарға ерекше көңіл бөлінбек. Мамандар диабеттік табан белгілерін ерте анықтап, аяқ-қолды ампутациялауға дейін жеткізуі мүмкін асқынулардың алдын алу шараларын жүргізеді. Сонымен қатар аутоиммундық және сирек кездесетін ауруларды анықтауға жағдай жасалған. Гендік-инженерлік биологиялық терапия қабылдайтын пациенттердің ем алу барысы да тұрақты бақылауда болады.

Ардагер дәрігер Еркін Шадалова жаңа орталықтың ашылуын өңір медицинасы үшін маңызды қадам деп бағалайды. Оның айтуынша, енді науқастар күрделі тексеруден өту немесе ем алу үшін өзге қалаларға сабылмайды. Заманауи құрылғылардың көмегімен қажетті медициналық қызметті туған өңірінен алуға мүмкіндік туады.

– Басқа қалаларға бармай, өз өңірімізде заманауи аппараттар арқылы науқастарды тексеріп, емдеу мақсатына өте жоғары баға беремін. Бұл – тұрғындарға қолжетімді, нәтижелі көмек, – дейді ардагер дәрігер.

Орталықтың жұмысы мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта аудандық және қалалық медициналық ұйымдармен телемедициналық кеңестер ұйымдастырылады. Күрделі клиникалық жағдайлар қашықтан талқыланып, жергілікті дәрігерлерге әдістемелік көмек көрсетіледі. Бұл шалғай елді мекендердегі науқастардың да сапалы медициналық қызметке қол жеткізуіне жол ашады.

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Марат Жұманқұловтың мәліметінше, орталықты ашуға облыс әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасы қолдау көрсеткен. Жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 36 миллион теңге, ал қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға 116 миллион теңге бөлінген.

Жоспар бойынша мұнда тәулігіне кемінде 60 науқас қабылданады. Ал жылына орта есеппен 15 мың адам амбулаториялық жағдайда тексеруден өте алады.

Жаңа орталықтың іске қосылуы Жамбыл өңіріндегі мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, күрделі ауруларды ерте анықтау мен емдеу мүмкіндігін кеңейтпек.

Махаббат Құсайын .