Қордайй ауданы Ауқатты ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылында «Желілермен су алу құрылыстары мен су құбыры желілерінің құрылысы» жобасы аясында жаңа ауызсу нысаны пайдалануға берілді.

Еліміздің барлық елді мекенінде таза су қолжетімді болуға тиіс – бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы мен «7 – мамыр Отан қорғаушылар күні» қарсаңында ашылған салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов, округ әкімі Алмас Иенберген, ауыл ақсақалдары мен жастар қатысты. Құрылысты «Korday Group» ЖШС жүргізген. Мердігер мекеме құрылыстың сапалы жүруін басты назарға алған. Сонымен қатар, нысанды белгіленген уақытта тапсырып, ауыл тұрғындар қуанышы еселене түсті.
Жиында алғысөз алған аудан әкімінің орынбасары бәйтеректіктерді айтулы қуанышымен құттықтады.
«Құрметті ауыл тұрғындары! Қадірлі жиналған қауым! Бүгін Бәйтерек ауылында ел игілігі үшін маңызды жобаның – ауыз су жүйесінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Бұл ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы. Бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын! Жаңа құбыр ауылымызға береке мен игілік әкелсін. Баршаңызға зор денсаулық, мол табыс тілеймін!»,-деді Бақыт Оңласынұлы.

Мәліметке сай, Қордай ауданы бойынша 19 ауылдық округ, 41 елді мекен болса, оның ішінде 37 елді мекен таза ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Ауызсу пайдаланушыларына аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Қордай Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны, «Ақсу Қордай» ЖШС-і, «Закир және К» ЖК қызмет көрсетеді. Келесі сөз ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесіне ұсынылды.
«Бүгін ауылымыз үшін тарихи әрі қуанышты күн. Ұзақ жылдан бері шешімін күткен ауызсу мәселесі өз шешімін тауып, жаңа су құбыры желілерінің пайдалануға берілуі – үлкен жетістік. Бұл Мемлекет басшысының елді мекендерді дамытуға бағытталған саясатының нақты нәтижесі. Ауыл ақсақалдары атынан осы игі істің жүзеге асуына ұйытқы болған барлық мемлекеттік органдарға, мердігер мекемеге, алғысымды білдіремін»,-деді Төлебай Баймұхамбетов.
Айта кетейік, жобаның шеңберінде жалпы ұзындығы 14,6 шақырымды құрайтын су құбыры желілері тартылды. Бұл нысан елді мекен тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әлеуметтік инфрақұрылымдық жоба болып табылады.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ