Үкіметте киберқауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау мәселелері қайта қаралып, бұл бағыттағы жұмыстардың барысы сараланды, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық кеңесте еліміздің цифрлық қауіпсіздігін күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды. Жиын Мемлекет басшысының Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған.
Кеңес барысында жаңартылған Конституцияда азаматтардың жеке деректерін қорғау құқығы нақты бекітілгені атап өтілді. Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдеріне сәйкес, киберқауіпсіздік енді стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
Жиынға орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің басшылары, сондай-ақ ҰҚК-нің Мемлекеттік техникалық қызмет өкілдері қатысып, саладағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Соның ішінде киберқауіпсіздік бағытындағы жүйелі шаралардың іске асу барысы сөз болды.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – ірі деректер базасын басқаратын операторлар үшін міндетті биометриялық сәйкестендіру енгізу. Бұл талап 100 мыңнан астам дерек жазбасы бар жүйелерге қатысты болмақ.
Кеңесте мемлекеттік ақпараттық жүйелердің қорғалуы да басты назарда болды. Әсіресе жергілікті атқарушы органдарға жүргізілген аудит нәтижесінде бірқатар әлсіз тұстар анықталған. Бұл олқылықтарды жою және қорғаныс деңгейін күшейту қажеттігі ерекше атап өтілді.
Жиын қорытындысында азаматтардың цифрлық қызметтерді қауіпсіз пайдалану мәдениетін арттыру, сондай-ақ барлық ақпараттық жүйелерді Бірыңғай мониторинг жүйесіне қосу жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Бұдан бөлек, қаржы ұйымдары мен микрокредиттік секторда жеке деректердің қорғалуын күшейту мәселесі де жеке қаралды.
Жаслан Мәдиев жауапты мекемелерге берілген тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеп, киберқауіпсіздік елдің цифрлық дамуының негізгі тірегі екенін баса айтты.

