Жамбыл облысындағы тарихи нысандар картада қызыл нүктемен белгіленеді. Арнайы жүйеде мәдени мұралар туралы ақпарат көрсетіледі. Өйткені өңірдегі 433 ескерткіштің нақты орналасқан жері мен аумағы әлі күнге дейін құжат жүзінде бекітілмеген – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысы өткен жылы тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және сақтау туралы жарлыққа қол қойған. Енді мамандар облыстағы 735 ескерткішті цифрландыруды жоспарлап отыр. Цифрландыру және жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, Жамбыл облысында 90-ға жуық ескерткіштің бірыңғай цифрландырылған жүйесі жасалған.

«Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ директоры Сауран Қалиевтің айтуынша, цифрландыру жер телімдерін пайдалануға қатысты мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.

– Бұл жүйе не үшін керек? Себебі өздеріңізге белгілі, мақсатты жерді пайдалануға, шаруа қожалықтарындағы жерді пайдалануға байланысты жерлер жекешелерге өтіп жатыр. Ал ескерткіштердің бәрі цифрландырылатын болса, олардың барлығы бірыңғай жүйеге енгізіледі. Ертең мемлекеттің мемлекеттік актісіне өтетін болса немесе жекеменшікке берілсе, ол қызыл нүкте болып көрініп тұрады, –  деді Сауран Қалиев.

Демек, мәдени мұралар орналасқан аумақтар мемлекет қорғауында болады. Олар картада арнайы белгіленіп, қазақ және орыс тілдерінде сипатталады. Сондай-ақ ескерткіштердің орналасқан жеріне байланысты географиялық координаттары көрсетіледі.

Ескерткіштерді орнатудың да өз тәртібі бар. Енді руға немесе ата-баба рухына ескерткіш орнатылмайды. Тек тарихи оқиға болған жерлерге, тұлғаларға, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен халық қаһармандарына арнап ескерткіш орнатуға рұқсат беріледі.

Мерей Маратқызы