Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Екатеринбург қаласында өткен XVI «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіп көрмесі аясындағы «Индустрия 360: шекарасыз өндіріс» пленарлық сессиясына қатысты, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Жиынға Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Үкіметінің басшысы Александр Турчин, Қырғызстан Премьер-министрі Адылбек Қасымалиев және бірқатар мемлекеттердің өкілдері қатысты.

Олжас Бектенов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елде жаңа даму кезеңі басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, саяси және институционалдық реформалар, адами капиталды дамыту, ғылым мен инновацияға қолдау көрсету — мемлекеттің негізгі бағыттарының бірі.

Премьер-министр Қазақстанның ашық әрі өзара тиімді әріптестікке негізделген экономикалық саясатты жалғастырып келе жатқанын айтты. Ел шикізатты терең өңдеу, заманауи материалдар өндіру және ғылымды қажет ететін жобаларды іске асыру салаларында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.

Кездесуде инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық және кедендік жеңілдіктер, арнайы визалық режим және жобаларды сүйемелдеудің «бір терезе» қағидаты туралы айтылды. Қазақстан үшін машина жасау, металлургия, мұнай-газ химиясы, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары және жоғары деңгейде өңделген өнім өндірісі басым бағыттардың қатарында қалып отыр.

Сондай-ақ өнеркәсіпті цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан өндірістік үдерістерге жасанды интеллект, деректерді талдау жүйелері, бұлтты технологиялар мен жаңа бағдарламалық шешімдерді енгізіп келеді. Өңдеу саласында цифрлық құралдарды пайдаланатын кәсіпорындардың үлесі 2022 жылғы 13 пайыздан 2025 жылы 21 пайызға дейін артқан.

Көрме барысында қатысушылар машина жасау, металлургия, өнеркәсіптік жабдықтар және заманауи технологиялар саласындағы жаңа жобалармен танысты. Қазақстандық павильонда отандық кәсіпорындардың металлургия, IT, машина жасау және басқа да салалардағы әзірлемелері ұсынылды.

Экспозицияда Qarmet, Қазақмыс, Alageum Electric, KamLitKZ, Tengry Tyres, Orda Glass, Silk Road Electronics, BTS ERG секілді компаниялардың жобалары таныстырылды.

Сонымен қатар қазақстандық павильонда өнеркәсіптік жасанды интеллект, микроэлектроника және технологиялық білім беру бағытындағы жаңа шешімдер көрсетілді. CoreInsight компаниясы өндірістік деректерді талдауға арналған жасанды интеллект негізіндегі платформасын ұсынса, Texer.ai өнеркәсіптік құрылғыларға арналған арнайы чиптер саласындағы әзірлемелерін таныстырды. Ал Artisan Education платформасы жастардың заманауи технологиялық білімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған жобасын көрсетті.

«ИННОПРОМ» көрмесі өнеркәсіп саласындағы халықаралық байланысты нығайтып, жаңа технологиялар мен бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз!