Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстандағы газ саласын дамыту мәселелері қаралды, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Жиында Үкімет басшысы газ саласын дамыту елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы экономиканың орнықты дамуы үшін заманауи энергетикалық инфрақұрылым құру, ішкі нарықты энергия ресурстарымен тұрақты қамтамасыз ету және стратегиялық жобаларды уақытылы жүзеге асыру міндетін қойғанын айтты.
Премьер-министрдің сөзінше, елде газға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Өткен жылы ішкі тұтыну көлемі 20 миллиард текше метрге жеткен. Осыған байланысты Үкімет газ саласын дамытудың кешенді жоспарын және жаңа кен орындарын игеру бағыттарын бекіткен.
Жиында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «QazaqGaz» компаниясының басшысы Әлібек Жамауов және бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 68,2 миллиард текше метр газ өндірілген. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында 25,9 миллиард текше метр газ өндірілді. Биылғы жоспар бойынша бұл көрсеткіш 64,5 миллиард текше метрді құрауы тиіс.
Тауарлық газ өндіру көлемі 2025 жылы 27,4 миллиард текше метр болды. Биыл осы деңгейді сақтау көзделіп отыр. 2026 жылдың бес айында 10 миллиард текше метр тауарлық газ өндірілген.
Қазіргі таңда Қазақстанды газдандыру деңгейі 64,2 пайызға жетті. Табиғи газға қолжетімділік 13,1 миллион адамды қамтып отыр. Үкімет бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Болжам бойынша, 2030 жылға қарай елдегі тауарлық газ өндірісі 31,3 миллиард текше метрге дейін өседі. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов газға деген сұраныстың халық пен өнеркәсіп тарапынан тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтіп, саланы дамыту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Осыған байланысты Энергетика министрлігіне, «Самұрық-Қазына» қорына және «QazaqGaz» компаниясына Қашаған, Қарашығанақ және Жаңаөзендегі газ өңдеу жобаларының құрылысын тұрақты бақылау міндеттелді.
Сонымен қатар жаңа газ қорларын игеру үшін геологиялық барлау жұмыстарын күшейту, заманауи технологияларды енгізу және жеке инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау тапсырылды.
Үкімет басшысы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін және «Есіл – Астана» жаңа газ құбырын салу жобаларының маңызын атап өтті. Бұл нысандар елдің оңтүстік, солтүстік өңірлері мен астананы газбен қамтамасыз ету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Өңір әкімдіктеріне магистральдық газ инфрақұрылымы мен жергілікті желілердің дайындығын үйлестіріп жұмыс істеу тапсырылды. Премьер-министр тиімділік тек тартылған құбыр көлемімен емес, нақты газға қосылған тұрғындар санымен бағалануы керектігін айтты.
Сондай-ақ газды есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасын құру, сұйытылған газ өндірісін арттыру және газ көлемін бөлудің ашық тетігін енгізу міндеттелді.
Отырыс соңында Олжас Бектенов халыққа қолжетімділікті сақтай отырып, жаңа тарифтік саясат бойынша ұсыныстар әзірлеуді, мұнай-газ саласына қажетті отандық өнімдер тізімін бекітуді және газ ресурстарын тиімді пайдалану шараларын қабылдауды тапсырды.
Берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.

