Астанада 13 жылдан кейін Қазақстан мен Индонезия арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның екінші отырысы өтті, — деп хабарлайды «Korday24news » ақпараттық порталы.

Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ал Индонезия тарапын Экономикалық істер жөніндегі үйлестіруші министр Аирлангга Хартарто басқарды.

Кездесуге екі елдің мемлекеттік органдары, «Атамекен» ҰКП өкілдері, дипломатиялық корпус және бизнес қауымдастық қатысты. Тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика, энергетика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, стандарттау және туризм бағыттарындағы ынтымақтастықты талқылады.

Серік Жұманғарин Индонезияны Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі деп атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасында сауда, экономика және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтитын 26 келісім бар.

Вице-премьер Еуразиялық экономикалық одақ пен Индонезия арасындағы еркін сауда туралы келісімнің маңызын да ерекше атады. Оның пікірінше, бұл құжат ірі экономикалық кеңістіктер арасындағы стратегиялық көпірге айналып, экспорт пен өнеркәсіптік кооперацияға жаңа мүмкіндік ашады.

Қазақстан тарапы өзара тауар номенклатурасын кеңейтуді ұсынды. Сарапшылардың мәліметінше, 20 тауарлық позиция бойынша экспорттық әлеует 60 млн АҚШ долларынан асады. Негізгі бағыттардың қатарында ферроқорытпа жеткізу, астық экспорты және Индонезияның өнеркәсіп салаларына шикізат тасымалы бар.

Серік Жұманғарин Индонезияның бидай импортына сұранысы артуы мүмкін екенін атап өтіп, Қазақстан сапалы астық жеткізуге дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар халал өнімдері саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Қазақстан Индонезия нарығына ет өнімдерін, соның ішінде сиыр және қой етін, сондай-ақ ет консервілерін жеткізу көлемін арттыруға дайын екенін білдірді.

Индонезия тарапы да азық-түлік қауіпсіздігі, халал индустриясы, энергетика және цифрлық трансформация салаларындағы әріптестікке қызығушылық танытты. Аирлангга Хартарто екіжақты бастамаларда ілгерілеу бар екенін атап өтті.

Тараптар көлік-логистика бағытында да бірқатар жобаларды қарастырды. Мультимодальды бағыттар мен Ляньюньган дәлізі арқылы контейнерлік тасымалдарды дамыту мүмкіндігі талқыланды.

Туризм саласында да өсім байқалады: Қазақстаннан Индонезияға баратын туристер саны соңғы екі жылда үш еседен астам артқан.

Кездесу қорытындысында екі елдің үкіметаралық комиссиясының екінші отырысының хаттамасына қол қойылып, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге уағдаластық жасалды.