Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бразилияның Сыртқы істер министрі Мауро Виейрамен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін кеңінен талқылады, — деп хабарлайды «Korday24news » ақпараттық порталы.

Президент Бразилияны Қазақстанның Латын Америкасындағы негізгі серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, екі ел арасындағы байланыстардың тұрақты дамып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Бразилия президенті Лула да Сильваға сәлем жолдап, оны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Өз кезегінде Мауро Виейра бұл сапар Бразилия президентінің арнайы тапсырмасымен жүзеге асып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Бразилия арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуеті жоғары.

Кездесуде энергетика, тау-кен металлургиясы, ауыл шаруашылығы, инновация және жасанды интеллект салаларындағы серіктестікті дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.

Сонымен қатар халықаралық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселелері де назарға алынды. Тараптар БҰҰ және оның құрылымдарын реформалау, сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жағдай жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Қазақстанның атом энергиясын тек бейбіт мақсатта пайдалануға бейіл екенін тағы да растады. Сондай-ақ еліміздің ядролық қауіпсіздік саласында халықаралық деңгейде сенімді серіктес ретінде танылғанын атап өтті.

Кездесу соңында Қазақстанның Иран ядролық мәселесін бейбіт жолмен шешуге үлес қосуға дайын екені айтылды.