Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр Президенті Никос Христодулидистің келіссөздері екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Мемлекет басшысы Кипр Президентінің дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған уақыттан бері Қазақстанға алғаш рет тарихи сапармен келгенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамдағы әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықты дамытуға дайындық расталғанын айтып, Қазақстан өзара тиімді келісімдерге ашық екенін жеткізді. Сондай-ақ ол сапардың Кипрдің Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық етіп отырған кезеңімен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.

Президент екі ел арасындағы саяси байланыстардың тұрақты екенін, дипломатиялық өкілдіктердің ашылуы өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге шығарғанын айтты. Сонымен қатар Астана мен Ларнака арасындағы тікелей әуе қатынасының іске қосылуы екіжақты байланысты нығайтатын маңызды қадам ретінде бағаланды.

Мемлекет басшысы қазіргі сауда-экономикалық көрсеткіштердің екі ел әлеуетіне сай еместігін айтып, оны нақты нәтижеге айналдыру қажеттігін жеткізді. Ол цифрландыру, жасанды интеллект, логистика, қаржы, туризм және білім беру салаларында ынтымақтастықты кеңейтудің маңызын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кипрден келген ірі бизнес делегацияның сапарын құптап, бұл инвестициялық қызығушылықтың артқанын көрсететінін айтты. Сонымен бірге Қазақстанда бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалып отырғанын, инвесторларға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Кипр Президенті Никос Христодулидис Астана сапары екіжақты қатынастарды дамытудағы маңызды кезең екенін атап өтті. Ол Қазақстанның Орталық Азиядағы және жаһандық деңгейдегі рөлін жоғары бағалап, Кипрдің Еуропа Одағына шығатын сенімді экономикалық көпір бола алатынын айтты.

Тараптар ақпараттық технологиялар, финтех, инвестициялық қорлар, кеме қатынасы, туризм, білім беру, жаңартылатын энергия және инфрақұрылым салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.

Кездесу барысында Экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеу, үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құру, сондай-ақ сауда делегацияларының тұрақты алмасуын жолға қою ұсынылды.