Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар үшін маңызды міндет екенін айтты, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Президенттің сөзінше, Алатау қаласы заманауи талаптарға сай, тиімді жоспарланған әрі жан-жақты дамыған шаһар болуы қажет. Сондықтан салынып жатқан барлық нысан халықаралық құрылыс стандарттары мен талаптарына толық сәйкес келуге тиіс.

Мемлекет басшысы Alatau City жобасының басты мақсаты қолайлы бизнес ортасын қалыптастыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және сапалы инфрақұрылым құру екенін атап өтті.

Сондай-ақ Президент қала аумағы төрт ауданға бөлінетінін айтып, болашақта бой көтеретін ғимараттардың халықаралық іскерлік және инновациялық орталықтарға қойылатын талаптарға сай болуы керектігін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы көркейту мен қоғамдық кеңістіктерді дамытуға ерекше назар аударуды тапсырды. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасын орындау Үкімет пен әкімдіктер үшін конституциялық міндет саналады.

Президент «тазалық» ұғымы тек көшелер мен аулаларды ретке келтірумен шектелмейтінін айтты. Бұл – елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру және тұрғындарға жайлы орта қалыптастырумен қатар, қоғамдағы жауапкершілік пен отаншылдық құндылықтарын нығайту деген сөз.

Мемлекет басшысының пікірінше, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы Әділетті Қазақстанның ажырамас бөлігіне және қоғамды біріктіретін маңызды құндылыққа айналуы тиіс.