Қазақстанда проблемалық активтерді басқару және қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау бағытындағы жұмыстар халықаралық деңгейде талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік компаниялардың халықаралық форумы (IPAF) Х саммиті мен халықаралық конференциясының ашылуында сөз сөйледі, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Қазақстан 2013 жылы «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ арқылы Азия даму банкінің қолдауымен құрылған IPAF-тың негізін қалаған жеті мемлекеттік институттың қатарына енді. Осы уақыт ішінде ел ұйымның құрылтайшысынан толыққанды мүшесі әрі төрағасына дейінгі жолдан өтті.
Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан IPAF-ты тәжірибе алмасатын алаң ретінде ғана емес, өңірдің қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға және озық тәжірибелерді қалыптастыруға ықпал ететін маңызды құрылым ретінде қарастырады.
Қазіргі кезде әлемдік қаржы нарығы елеулі өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Қарыз алу құнының жоғары болуы, шикізат нарығындағы құбылмалылық және жаһандық жеткізу тізбектерінің қайта құрылуы қаржы жүйесінің тұрақтылығына жаңа талаптар қойып отыр.
Қазақстан осы жағдайға байланысты тәуекелдерді алдын ала басқаруға, қаржы ұйымдарының теңгерімін сауықтыруға және экономикалық айналымға капиталды қайта енгізуге басымдық беруде. Соның нәтижесінде кепілсіз тұтынушылық кредиттердің өсімі бұрынғы 32 пайыздан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 3,1 пайызға дейін төмендеді.
Қазір проблемалық активтермен жұмыс істейтін негізгі оператор – «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ трансформация процесін аяқтап жатыр. 2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша Қордың портфелі шамамен 160 млрд теңгені құрады. Оның 130 млрд теңгеден астамы қаржылық сауықтыру жұмыстары жүргізіліп жатқан жобаларға тиесілі.
Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарымен де ынтымақтастығын жалғастырып келеді. Олардың қатарында Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Дүниежүзілік банк тобы бар. Ал Азия даму банкі IPAF-тың институционалдық тең құрылтайшысы әрі Қазақстанның негізгі халықаралық әріптестерінің бірі саналады. Соңғы 30 жылда банк елімізде жалпы сомасы 7,5 млрд доллардан асатын жобаларды жүзеге асырған. Сонымен бірге 2029 жылға дейінгі ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен білім және тәжірибе алмасу бағдарламасы бекітілген.
Қаржы министрі Мәди Такиев проблемалық несиелерді басқару мәселесі қазір тек банк саласына қатысты емес екенін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі қаржы жүйесінің тұрақтылығына, экономиканың инвестициялық тартымдылығына, кәсіпорындардың сақталуына және жұмыс орындарының тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Мемлекет үшін негізгі міндеттердің бірі – проблемалық активтердің ұзақ уақыт бойы экономикалық айналымнан тыс қалуына жол бермеу. Осы мақсатта Қазақстан активтерді сатудың құқықтық тетіктерін жетілдіріп, цифрлық құралдарды енгізіп, жеке инвесторлардың қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Сонымен қатар рәсімдердің ашықтығы мен нарық қатысушыларының заңды мүдделерін қорғауға мән берілмек.
Бұл бағытта «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ға да маңызды міндет жүктелген. Бұған дейін банк секторына дағдарыс кезінде қолдау көрсеткен Қор қазір стресстік активтерді басқаруға, олардың құнын қалпына келтіруге және мемлекеттік қаражатты қайтаруға бағытталған жұмыстарды атқарып отыр.
2019 жылдан бері Қор Ұлттық қорға жалпы көлемі 145 млрд теңге аударған. Оның ішінде 2025 жылы 23 млрд теңге аударылды. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен екі есеге жуық жоғары. Бұдан бөлек, жалпы құны 71 млрд теңге болатын қоғамдық және әлеуметтік маңызы бар активтер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Проблемалық активтерден қаражатты босату бизнесті қаржыландыру көлемінің артуына да ықпал етіп отыр. 2026 жылдың алғашқы бес айында корпоративтік секторға берілген жаңа кредиттер 14,8 пайызға өсіп, 8,9 трлн теңгеге жетті. Ал бизнестің жалпы кредиттік портфелі 19 трлн теңгеден асты.
IPAF – Азия елдерінің стресстік және жұмыс істемейтін активтерді басқарумен айналысатын мемлекеттік ұйымдарын біріктіретін халықаралық қауымдастық. Форум Азия даму банкінің қолдауымен жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу, борыштың қайталама нарығын дамыту және проблемалық берешекті реттеу тетіктерін жетілдіру.
«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ 2025-2026 жылдары IPAF-қа төрағалық етті.

