Қордай ауданының Қарасай ауылдық округіндегі 120 гектарға жуық аумақты алып жатқан алма бағында өнім жинау науқаны басталды. Мұнда алманың шетелдік бес сұрпы өсіріледі. Қазір ауыл тұрғындары қысқа сақталатын жемістерді жинап, қысқы қамға кіріскен – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Қарасай ауылдық округіне кірген бетте-ақ алыстан көз тартатын үлкен бақты байқауға болады. Мұнда ауыл тұрғындары еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Өнім жинауға түрлі техника да жұмылдырылған. Қазір бақта «Фуджи» сұрпындағы алма теріліп жатыр.

Бригадир Азамат Байтерековтің айтуынша, биыл өнім мол болады деген үміт бар. Шаруашылық шамамен 1000 тонна алма жинауды жоспарлап отыр.

– Қазір бізде қысқа сақталатын «Фуджи» алмасын теріп жатырмыз. Оны осы ауылдың тұрғындары жинап жүр. Биыл өніміміз жақсы. 1000 тоннаға жуық алма аламыз деген үміттеміз. «Фуджи» – нарықта алдыңғы орындардың бірінде тұратын алма сұрпы, – дейді Азамат Байтереков.

Қазір бақта 150–160 адам еңбек етіп жүр. Мұнда жылына төрт-бес рет өнім жинау науқаны өтіп, шамамен 4–5 мың өнім жиналады. Маманның айтуынша, әр сұрыптағы жеміс алдымен сараптамадан өтеді. Тек содан кейін ғана оны жинауға кіріседі. Себебі алманың әр сұрпының пісіп-жетілетін өз уақыты бар.