Президент Қасым-Жомарт Тоқаев World Aquatics президенті Хусейн Әл-Мусалламды қабылдап, оны ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында  Мемлекет басшысы халықаралық ұйымның Қазақстан су спорты түрлері федерациясына көрсеткен қолдауын жоғары бағалап, серіктестікті нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Президенттің айтуынша, елімізде су спортына қызығушылық артып келеді. Қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда, соның ішінде Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында ел намысын абыроймен қорғап жүр. Қасым-Жомарт Тоқаев Дмитрий Баландиннің Рио-де-Жанейро Олимпиадасындағы тарихи жеңісін және Әділбек Мусиннің 2022 жылғы Азия ойындарында қола медаль иеленгенін атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанда бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға, халықаралық жарыстар өткізуге жағдай жасалып жатқанын айтты. Бұл ретте спорт инфрақұрылымын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді.

Хусейн Әл-Мусаллам қазақстандық спортшылардың жетістіктерін атап өтіп, елдің спорт саласын дамытуға әлеуеті зор екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы World Aquatics президентін әлемде және Қазақстанда су спортын дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.