Қазақстанда шекара инфрақұрылымын жаңғырту нәтижесінде автомобиль өткізу пункттерінің жиынтық өткізу қабілеті жылына 2 млн-нан 5 млн көлікке дейін артты. Ал жүк көліктерін рәсімдеу уақыты 9 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеп.
Соңғы үш жылда өткізу пункттерін жаңғыртуға 118,6 млрд теңге бөлінген. Осы кезеңде ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы 11 автомобиль өткізу пункті жаңартылған. Жолақтар саны көбейіп, жүк және жолаушылар көлігінің бағыттары бөлінген. Сонымен қатар заманауи тексеру, салмақ пен габаритті бақылау, радиациялық және бейнебақылау жүйелері орнатылған.
Шекара арқылы өтетін көлік саны да артқан. 2022 жылы ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы өткізу пункттері арқылы шамамен 640 мың көлік өтсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,7 млн-ға жеткен. Ал 2026 жылдың сегіз айында 1,3 млн-ға жуық көлік шекарадан өткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 19,3 пайызға көп.
Шекарадағы рәсімдердің бір бөлігі цифрлық форматқа көшірілген. KEDEN ақпараттық жүйесі арқылы алдын ала хабарлау, кедендік транзит және тауарларды декларациялау автоматтандырылған. Соның нәтижесінде кедендік рәсімдеудің орташа уақыты 2024 жылғы 11 сағаттан биыл 3 сағат 30 минутқа дейін қысқарған.
Тасымалдаушылар үшін CarGoRuqsat электрондық кезек жүйесі жұмыс істейді. Оның көмегімен шекарадан өту уақытын алдын ала белгілеуге болады. Бүгінде жүйе арқылы 4,5 млн-нан астам брондау жасалған.
Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі де өсіп келеді. 2026 жылдың сегіз айында 1,1 млн транзиттік декларация рәсімделген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19 пайызға көп. Негізгі бағыттардың бірі – Қытайдан Қазақстан арқылы өтетін транзит.
Алдағы кезеңде Ресей және Қырғызстанмен шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту жоспарланып отыр. Жол картасына сәйкес, бұл жұмыстарды 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен аяқтау көзделген.

