Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильдамен бірге Ұлттық музейді аралады, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Мәртебелі меймандар музейдің сәулеттік ерекшеліктерімен және Ұлы даланың мәдени-тарихи мұрасын таныстыратын экспозициялармен танысты.

Қонақтар Алтын залға ерекше назар аударды. Онда Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», сондай-ақ Берел, Талды-2, Тақсай және Шілікті обаларынан шыққан алтын бұйымдар мен бірегей археологиялық жәдігерлер қойылған.

Этнография залында Король мен Патшайым қазақ халқының салт-дәстүрі, тұрмысы, материалдық және рухани мәдениеті туралы мәлімет алды. Сонымен қатар бельгиялық суретші Джеймс Энсордың шығармалары ұсынылды.

Сапар соңында Бельгия Королі мен Патшайымы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.