Жамбылда жыл басынан бері 9 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала ішкі істер органдарына жеткізілген. Бұдан бөлек, 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Дегенмен соңғы уақытта жасөспірімдермен жұмыс күшейген, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Мектеп инспекторлары қызметінің құрылғанына көп бола қойған жоқ. Негізгі міндеті – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алып, , оларды түрлі қауіптен қорғау. Инспекторлар оқушыларға қоғамдық тәртіп негіздерін түсіндіреді. Сондай-ақ баланың сабақтан қалмауы, оқу үлгерімі, сыныптастарымен қарым-қатынасы мен мінез-құлқындағы өзгерістер де бақылауда болады.

Жасөспірімдердің тәртібі енді жіті қадағаланады. Мамандардың жұмысын жедел әрі тиімді ұйымдастыру үшін бөлімшелердің материалдық-техникалық базасы да нығайтылған.

Жамбыл облысы полиция департаментінің ұсынысымен облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіліп, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларына тоқсан сайынғы еңбек көрсеткіштері мен атқарған жұмыстарының нәтижесіне қарай қаржылай ынталандыру тетігі енгізілген. Сонымен қатар биыл ювеналдық полицияға 13 жаңа қызметтік автокөлік берілген.

Жамбыл облысы полиция департаменті ҚҚБ ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Азат Пирматовтың айтуынша, инспекторлардың жұмысын ынталандыруға да көңіл бөлініп отыр.

– Жамбыл облысы полиция департаментінің ұсынысымен облыс әкімдігі тарапынан қолдау тауып, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларына тоқсан сайынғы еңбек көрсеткіштері және атқарған жұмыстарының нәтижелері бойынша қаржылай ынталандыру тетігі енгізілді. Сонымен қатар биыл ювеналдық полицияға 13 жаңа қызметтік автокөлік берілді, – деді Азат Пирматов.

Ювеналдық полиция қызметкерлері білім ошақтарында жоспарлы түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Негізгі мақсат – қауіптің алдын алу, заң мен тәртіпті түсіндіру және жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне назар аудару. Бұл ретте мектептермен бірлескен жұмыс та маңызды.

Б.Момышұлы атындағы №45 мектеп-гимназиясында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 80-нен астам сыныптан тыс үйірме 10 бағыт бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар оқушылардың білімін толықтыруға бағытталған бірнеше кеңістік бар. Мектепте мемлекеттік бағыттар бойынша мектепішілік және мектепаралық олимпиадалар да ұйымдастырылады.

Мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Қасаболатованың сөзінше, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға басымдық берілген.

– Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 80-нен астам сыныптан тыс үйірме 10 бағыт бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар бірнеше кеңістік жұмыс істейді. Олар балалардың білімін толықтыруға байланысты экспонаттармен толықтырылған. Мемлекеттің бекіткен бірнеше бағыты бойынша мектепішілік, мектепаралық олимпиадалар ұйымдастырылады, – деді Айнұр Қасаболатова.

Елімізде жасөспірімдерді заңды құрметтеуге шақырып, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеу мақсатында «Жас сақшы» жобасы жұмыс істейді. Бұл сыныптарда оқушылар құқық негіздерін меңгеріп, полиция қызметінің ерекшеліктерімен танысады. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызын түсінеді.

Айта кетейік, облыстағы 43 мектепте 900-ге жуық бала «Жас сақшы» сыныбында білім алып жатыр.

Автор: Гүлнар Тайжан