Әлжан ана ауылындағы №23 Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектебінде  кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған «BIBLIO CAFE» фестивалі өтті.  Іс-шараға мектеп оқушылары, ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатысып, білімдерін ортаға салды – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Фестиваль көрме таныстырылымынан басталды. Ертегілер, поэзия, қазақ және әлем әдебиетіне арналған бұрыштарда оқушылар өздері оқыған туындылардан түйгендерін жеткізді. Одан кейін «Құпия кітап» қойылымы көрсетілді. Қатысушыларға Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы таныстырылды.

Оқушы Әмина Саттархан тарих және классикалық кітаптарды оқитынын айтады. Оның сөзінше, кітап оқу адамға ерекше әсер беріп, басқа әлемге енгендей сезім сыйлайды.

– Көбінесе тарих кітаптарын оқимын, сонымен қатар классикалық кітаптарды да оқимын. Кітап оқу ерекше бір сезім береді. Өзге әлемге түскендей, өзге біреудің тағдырын өз көзіңмен көргендей боласың, – дейді Әмина Саттархан.

Оқушының айтуынша, мектепте мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Ол өзі де түрлі шараларға белсенді қатысады. Оның пікірінше, мұндай жарыстар адамның ой-өрісін дамытып, шығармашылық тұрғыдан тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында қатысушылар 3 топқа бөлінді. Олар Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев сынды ұлы ақындардың өмір жолы мен шығармашылығына қатысты сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ мақал-мәтел жарысында бақ сынасты.

Ұстаз Әлішер Аяпбергеннің айтуынша, шара Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кітап оқитын ұлт қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кітап оқитын ұлт бағдарламасын қалыптастыру мақсатында №23 Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектебінде бүгін керемет іс-шара өтіп жатыр. Оқушылар мен ауыл тұрғындарының кітап оқуын қалыптастыру мақсатында жасалып жатыр, – дейді Әлішер Аяпберген.

Жиында қазақ әдебиетінің өзге де көрнекті өкілдері мен олардың шығармалары, ұлттық дәстүрлер дәріптелді. Бұған қоса қатысушылар өздеріне әсер еткен, көпшілікке оқуға ұсынатын кітаптары туралы да айтып өтті.