Әлжан ана ауылында аудан көлемінде алғаш рет «Ретро ән – жүрек үні» атты байқау өтті. Сахнаға әр ауылдан жиналған 18 өнерпаз шығып, көпшілікке таныс қазақ әндерін орындады – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Мәдениет үйінің сахнасында өткен ғасырда халыққа кең тараған қазақ әндері шырқалды. 16 жастан асқан қатысушылар әр жылдары ел сүйіп тыңдаған шығармаларды орындап, өзара бақ сынады. Бұған дейін ауылда ретро әндерден концерттер ұйымдастырылып келген. Ал биыл алғаш рет өнерпаздар арасында байқау өткізілді.
Мәдени ұйымдастырушы Ғалия Иманбаеваның айтуынша, байқаудың мақсаты – ескі әндерді жаңғырту. Биылғы сайысқа аудан көлемінен өнерпаздар қатысқан. Алдағы уақытта байқау облыс көлемінде ұйымдастырылса, жеңімпаздарды қатыстыру жоспарланып отыр. Жүлдегерлерге бас жүлде, бірінші, екінші орын және белсенді атсалысқаны үшін марапаттар мен бағалы сыйлықтар қарастырылған.
Байқауда орындалған шығармалардың дені – қазақтың ескі әндері. Уақыт өтсе де әуені ұмытылмаған туындыларды бұл жолы әр буын өкілі сахнада орындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар елге белгілі әндерді қайта жаңғыртып, жас орындаушылардың өнерін қолдауға мүмкіндік береді.
Байқауға қатысушы Бақыт Әбілдаев Дос-Мұқасан ансамблінің «Ләйлім» әнін орындады. Оның айтуынша, мұндай шаралар кейінгі жас ұрпақтың мәдени дамуына үлес қосады.
– Мен бүгінгі байқауға Дос-Мұқасан ансамблінің «Ләйлім» әнін алып келдім. Мұндай байқаулар кейінгі жас ұрпақтың мәдени дамуына зор үлесін тигізеді деп ойлаймын. Біраз күн дайындалдық. Дайындықтың да өз қиындықтары болды. Бірақ жақсы нәтиже көрсетемін деп ойлаймын, – дейді Бақыт Әбілдаев.
Он сегіз қатысушының өнерін мәдениет саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Байқау қорытындысында жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Ұйымдастырушылар «Ретро ән – жүрек үні» байқауын алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.

