Астанада жасанды интеллектінің журналистикаға ықпалы, ақпараттың шынайылығын сақтау және отандық медианың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды. Бұл тақырыптар «Жасанды интеллект дәуіріндегі медиа: шынайы ақпарат, жауапты сөз» атты республикалық медиафорумда кеңінен қозғалды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
2026 жылғы 24 қазанда «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен өткен форумға бас редакторлар, журналистер, медиаменеджерлер, депутаттар, мемлекеттік қызметшілер мен білім саласының өкілдері қатысты.
Басқосу барысында редакция жұмысында жасанды интеллектіні қолдану, жаңа технологиялардың мүмкіндіктері мен тәуекелдері, авторлық құқықты сақтау, жалған ақпаратпен күрес және ұлттық медианың экономикалық тұрақтылығы сөз болды.
Форумды ашқан Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай цифрлық дәуірде журналистиканың қоғам алдындағы жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түскенін атап өтті.
Оның айтуынша, мәтіннің сауатты жазылуы немесе бейненің нанымды көрінуі ақпарат шынайылығының кепілі емес. Сондықтан журналистер кез келген деректі мұқият тексеріп, әр шешімінде адамға құрмет пен қоғам алдындағы жауапкершілікті басшылыққа алуы қажет.
Бас редакторлар клубының вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин жасанды интеллектіні редакция жұмысына енгізген кезде адам бақылауын сақтау, жеке деректерді қорғау, авторлық еңбекті құрметтеу және аудиторияға ашық болу қажеттігін айтты.
Жиын аясында Зарина Қуатова өңірлік телевизияда жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, «TARAZ24» пен «KORDAY24» телеарналарында 2023 жылдан бері жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін дикторлар қолданылады. Қазір технологияның көмегімен актер жалдамай, арнайы түсірілім ұйымдастырмай-ақ бейнероликтер әзірлеуге болады. Бұрын мұндай жұмыстарға қомақты қаражат қажет болса, бүгінде тың идея мен технологияны меңгеру маңызды болып отыр.
Кәсіби медиатренер Айна Задабек ақпараттың шынайылығын тексеру, әсіресе жасанды интеллект дәуірінде, журналистиканың негізгі міндеттерінің бірі болып қала беретінін жеткізді. Оның пікірінше, ЖИ күнделікті жұмысты жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге көмектеседі. Алайда үнемделген уақыттың едәуір бөлігін деректердің дұрыстығын тексеруге жұмсау қажет.
Белгілі медиаменеджер Кемелбек Ойшыбаев жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану және оның медиа саласына ашатын жаңа мүмкіндіктері туралы ой бөлісті. Ол отандық редакциялардың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету, жарнама нарығындағы бәсекеге бейімделу және кіріс көздерін әртараптандыру мәселелерін көтерді.
Jibek Joly / Silk Way телеарнасының басқарушы директоры Нағашыбек Алдан жасанды интеллектінің журналистер жұмысын жеңілдетіп, контент әзірлеу жылдамдығын арттыруға және жаңа форматтарды дамытуға мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен бірге технологиялық мүмкіндіктерді пайдаланумен қатар, ақпараттың шынайылығын, редакциялық жауапкершілікті және аудитория сенімін сақтау керектігін еске салды.
Qrnews ақпараттық порталының директоры Сапарғали Қанат жасанды интеллектіні ақпарат жинау мен сұрыптау, жаңалықтарды редакциялау, аударма жасау, мәтінді қысқарту және аудионы мәтінге айналдыру үшін қолдану жолдарын таныстырды. Оның айтуынша, жаңа технологиялар редакцияның жұмысын оңтайландырып, журналистердің уақытын үнемдейді. Дегенмен жалған ақпарат, деректер қауіпсіздігі және қате аударма сияқты тәуекелдерге байланысты ЖИ көмегімен әзірленген материалдар міндетті түрде тексерілуі керек.
Форум барысында қатысушылар жасанды интеллект журналисті алмастыратын құрал емес, оның жұмысын жеңілдетіп, ақпаратты тереңірек зерттеуге мүмкіндік беретін көмекші технология екенін атап өтті. Технологияның көмегімен күнделікті жұмыстарды жеделдету журналистерге эксклюзивті сұхбаттар мен зерттеу материалдарын әзірлеуге, деректерді тексеруге көбірек уақыт бөлуге жол ашады.
Медиафорумда ұлттық редакциялардың қаржылық жағдайы да сөз болды. Қатысушылар жарнама қаражатының жаһандық цифрлық платформаларға бағытталуы отандық медианың кірісіне және технологиялық дамуына әсер ететінін айтты. Осыған байланысты редакциялардың цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтіп, сапалы журналистиканың тұрақты қаржылық негізін қалыптастыру қажеттігіне назар аударылды.
Республикалық медиафорум мамандардың тәжірибе алмасуына, медиа саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және ұлттық журналистиканың болашағына қатысты ортақ ұсыныстарды саралауға мүмкіндік берді.

