Бельгияның Монс университетінде жастар арасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған қазақстандық «Кітап оқитын ұлт» жобасының таныстырылымы өтті, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігіне сілтеме жасап.

Іс- шараға университет оқытушылары мен бакалавриат, магистратура және докторантурада білім алып жүрген  40-тан астам студент қатысты. Қатысушыларға республикалық кітап оқу марафонының мақсаттары мен бастамаға конкурстан тыс қосылуға мүмкіндік беретін Parasat бағыты таныстырылды.

Қазақстанда болған Монс университетінің студенті Жад Шарпантье бұл бастаманың жастардың ой-өрісін кеңейтіп, жаңа идеялар мен мәдениеттерді тануына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу барысында студенттер Қазақстанның ұлттық дәстүрлері мен тілі туралы да ақпарат алды. Отандастарымыз Айгерім Аққұлова мен Айнұр Касенова қазақтың салт-дәстүрлері жайында айтып, интерактивті сабақ кезінде студенттер күнделікті қолданыстағы сөздер мен сөз тіркестерін үйренді.

Сондай-ақ бельгиялық студенттер Анжелика мен Ксавье домбырада қазақтың екі күйін орындады. Олар бұған дейін Алматыда алты ай тағылымдамадан өтіп, қазақтың ұлттық аспабын меңгере бастаған.

Жоба таныстырылымы бельгиялық студенттердің Қазақстанды әдебиет, тіл және музыка арқылы тануына мүмкіндік беріп, бастаманың халықаралық аудиториясын кеңейтті.