Қазақстанда ауыл шаруашылығы шикізатын ел ішінде өңдеу үлесін 2026 жылдың соңына дейін 70%-ға жеткізу жоспарланып отыр, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған көрсеткіш 2023-2025 жылдары 35%-дан 64%-ға дейін өскен.

Негізгі өңделетін өнімдер қатарында ет, сүт, майлы дақылдар, жүгері, күріш және қарақұмық бар. Қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау үшін жеңілдетілген қаржыландыру, инвестициялық субсидиялар, салықтық жеңілдіктер және басқа да тетіктер қарастырылған. 2024-2026 жылдары кәсіпорындардың айналым қаражатын қаржыландыруға шамамен 230 млрд теңге бөлінген.

Астықты терең өңдеу бойынша да өндіріс көлемі артып келеді. 2025 жылы шамамен 152 мың тонна крахмал өнімі өндіріліп, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 28,2%-ға өсім көрсеткен. Ал биоэтанол өндірісі 21 мың тоннаға жетіп, 2,2 есеге артқан.

Астықты терең өңдеуді дамыту үшін жалпы құны шамамен 4 млрд доллар болатын алты ірі жобадан тұратын портфель қалыптасқан. 2029 жылға дейін жылына шамамен 5,8 млн тонна шикізатты өңдейтін жаңа қуат көздерін құру жоспарланып отыр.

Ет және сүт өнеркәсібінде де өндіріс көлемі ұлғайып келеді. Қазір елде 210-ға жуық ет өңдеу және 180 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. 2025 жылы ет консервілерінің өндірісі 48,3%-ға өскен.

Қайта өңдеу көлемінің артуы экспортқа да әсер етті. 2024 жылы агроөнеркәсіп кешені экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі 52%-ды құрап, 2,66 млрд долларға жетті. 2025 жылы аграрлық экспорт көлемі 3,6 млрд долларға дейін өскен. Ал 2030 жылға қарай өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізу жоспарланған.