Жамбыл облысында еңбек қатынастары тұрақты. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеп.  

Жыл басынан бері өңір кәсіпорындарында 143 тексеру жүргізіліп, 155 заңбұзушылық анықталған. Нәтижесінде жұмыс берушілерге 82 нұсқама беріліп, 38 әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулы шығарылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 8 млн 172 мың теңгені құрады.

Бүгінде облыста еңбек жанжалдары ресми түрде тіркелмеген.

Жиында өндірістік жарақаттың алдын алу, қызметкерлерді міндетті сақтандыру, еңбек шарттарын рәсімдеу, зейнетақы жарналарын аудару және жалақы берешегін өтеу мәселелері де қаралды.

Облыс әкімі жұмыс берушілер қызметкерлерге лайықты еңбекақы төлеп, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті. Жауапты тұлғаларға еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды күшейту, жалақы берешегін өтеу және шетел азаматтарын жұмысқа тартатын кәсіпорындарды бақылауда ұстау тапсырылды.