Сортөбе ауылдық округінде биыл бірқатар инфрақұрылымдық және абаттандыру жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, елді мекендегі 1,5 шақырымнан астам жолға асфальт төселіп, шағын футбол алаңы пайдалануға берілген. Сонымен қатар округ тұрғындарының 95 пайыздан астамы табиғи газбен қамтылған.

Бүгінде Сортөбе ауылдық округінде 26 мыңға жуық адам тұрады. Округте бес орта мектеп, емхана, медициналық пункт, фельдшерлік-акушерлік пункт және мәдениет үйі жұмыс істейді. Тұрғындардың негізгі кәсібі –  егін шаруашылығы.

Биыл жергілікті диқандар 400 гектардан астам алқапқа сарымсақ, 100 гектардан астам жерге картоп еккен.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, соңғы жылдары елді мекеннің инфрақұрылымы біршама жақсарған.

– Соңғы бес-алты жылдың ішінде жолдарымыз жөнделіп, асфальт төселді. Елді мекенге газ тартылып, балаларға арналған көптеген нысан салынып, қолайлы жағдай жасалды. Осының арқасында тұрғындардың тұрмыс деңгейі де біршама жақсарды, – дейді Сортөбе ауылының тұрғыны Айдир Ванчанщи.

Округ әкімінің мәліметінше, биыл Сортөбе ауылында жалпы ұзындығы 1,5 шақырымнан астам жол жөнделген. Пушкин және Масанчи көшелері, сондай-ақ аурухана мен емханаға баратын жолдарға асфальт төселген. Жол жөндеу жұмыстарына 63 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Сонымен қатар абаттандыру жұмыстары жалғасып, 24 миллион теңгеге шағын футбол алаңы салынды.

–  Биыл Сортөбе ауылдық округінде 1,5 шақырымнан астам жолға асфальт төселді. Бұл – Пушкин, Масанчи көшелері және аурухана мен емханаға баратын жол. Жұмыстарға 63 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Сонымен қатар 24 миллион теңгеге шағын футбол алаңы салынды, – деді Сортөбе ауылдық округінің әкімі Рустам Фушанло.

Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, жол жөндеу, тротуар салу және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Сонымен қатар округте спорт кешенінің жоқтығы да өзекті мәселе болып отыр.

Әкімдік мәліметінше, бұл мәселені шешу келер жылдың жоспарында қарастырылған. Ал келесі жылы Бұлар-Батыр ауылында да шағын футбол алаңын пайдалануға беру жоспарланып отыр.