Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады. Кездесуде сот жүйесінің биылғы тоғыз айдағы жұмысы, сот ісін жүргізуді цифрландыру және азаматтардың сотқа деген сенімін арттыру мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz».
Асламбек Мерғалиевтің айтуынша, жыл басынан бері соттар 24,8 мың қылмыстық істі қараған. Азаматтық істердің саны 28,4 пайызға артып, 605 мыңнан асқан. Бұған банкроттыққа, тұрғын үй мен жер дауларына, сондай-ақ келісімшарттық міндеттемелерге қатысты талап-арыздардың көбеюі себеп болған.
Бұдан бөлек, соттар 29,2 мың әкімшілік істі және 319 мың әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қараған. Даулардың жартысына жуығы медиация және өзге де балама тәсілдер арқылы шешілген.
Кассациялық сотқа 18 мыңнан астам шағым түскен. Оларды қарау нәтижесінде апелляциялық сатыда түзетілген сот актілерінің саны екі есеге жуық өсіп, 934-тен 1 704-ке жеткен.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, сот жүйесіне толық сенім білдіретін азаматтардың үлесі де артқан. 2023 жылы 55,2 пайызды құраған бұл көрсеткіш қазіргі уақытта 69,7 пайызға жетті.
Кездесу барысында сот жүйесін білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Қасым-Жомарт Тоқаев сот төрелігінің сапасын жақсарту және сот жүйесін жаңғырту жұмыстарын жалғастыру қажеттігін атап өтті.
