Жамбыл облысында су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл 10,4 мың гектар алқапқа осындай технологиялар енгізіліп, мұндай алқаптардың жалпы көлемі 76,8 мың гектарға жетті, – деп хабарлайды «Korday24news.kz», облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың мәліметінше, биыл өңірдегі егіс алқаптарының жалпы көлемі 654,9 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 мың гектарға артық. Оның 200,4 мың гектары суармалы жерлер болса, нақты сумен қамтылған алқап көлемі 112 мың гектарды құрайды.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарынан 3,6 миллион тоннаға жуық өнім алу жоспарланған. Оның 2,1 миллион тоннасы суармалы жерлерде өсірілетін дақылдарға тиесілі.
Суды үнемдеу бағытында биыл 8,2 мың гектарға тамшылатып суару жүйесі орнатылып, 750 гектар алқапта жаңбырлатып суару технологиясы қолданылды. Бұдан бөлек, 1,5 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өтті. Бұл тәсілдер су шығынын азайтып, егістікті тиімді суаруға мүмкіндік береді.
Суару жүйелерін жаңарту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен жалпы құны 5,5 миллиард теңге болатын алты канал жөнделіп жатыр. Оның бесеуі Жуалы ауданында, біреуі Қордай ауданында орналасқан. Жөнделетін 43,23 шақырым каналдың 10,7 шақырымында жұмыс аяқталған.
Сонымен қатар «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы Ислам даму банкі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің бағдарламалары аясында суару желілерін жаңғыртуда. Екі бағдарлама бойынша 105 каналды қайта жаңарту жоспарланған.
Ислам даму банкі бағдарламасы бойынша 65 канал жаңартылмақ. Қазір 40 нысанда жұмыс жүріп жатыр. Оның ішінде 27 каналды 2027 жылғы вегетациялық кезең басталғанға дейін пайдалануға беру көзделген.
Ал Еуропалық қайта құру және даму банкінің бағдарламасы аясында 40 канал жаңғыртылады. Қазіргі уақытта 16 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, келесі суару маусымына дейін 24 каналды жаңарту жоспарланған.
Екі бағдарлама бойынша құрылыс жұмыстарына 329 техника мен 729 жұмысшы жұмылдырылған. Бұл шаралар өңірдің суару инфрақұрылымын жақсартуға және ауыл шаруашылығында су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған.

